мұражайға қайту

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті

Құрылу тарихы

1939 жылғы 21 тамызда Қостанай мұғалімдер институты ұйымдастырылды.
Алғашқы 240 студент қабылданды.
1941 жылы жас мамандардың тұңғыш түлектер тобы оқу бітірді.
1939-1955 жылдар аралығында институт 1800-ге жуық маман даярлады.
1955 жылғы 1 қыркүйекте Қостанай мұғалімдер институты Қостанай педагогикалық институты болып қайта құрылды.
1959 жылы педагогикалық институттың толық курсын бітірген студенттердің алғашқы легі оқу бітірді.
1972 жылғы 8 желтоқсанда институтқа КСРО-ның 50 жылдығы есімі берілді.
1966 жылғы 20 қыркүйекте КСРО Ауыл шаруашылығы министрінің «Қостанай облысында Целиноград ауыл шаруашылығы институтының филиалын ұйымдастыру туралы» № 309 бұйрығы шықты.
Дипломды агрономдар мен зоотехниктердің алғашқы түлектер легі 1971 жылы шығарылды.
КСРО Министрлер Кеңесінің 1978 жылғы 13 маусымдағы № 469 қаулысымен Целиноград ауыл шаруашылығы институтының Қостанай филиалы негізінде Қостанай ауыл шаруашылығы институты құрылды.
Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1992 жылғы 6 тамыздағы қаулысы негізінде Қостанай педагогикалық институты Қостанай мемлекеттік университеті болып қайта аталды.
2000 жылы Қостанай ауыл шаруашылығы институты Университет құрамына енді.
2004 жылғы 1 сәуірде Университет құрамынан Қостанай педагогикалық институты бөлініп шықты.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 13 наурыздағы № 119 қаулысына сәйкес Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты Қостанай мемлекеттік педагогикалық университеті болып өзгертілді.
2019 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті мен Ө. Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетін біріктіру жолымен «Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті» етіп қайта ұйымдастыру туралы қаулысы шықты.
Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 1 тамыздағы № 377 бұйрығымен коммерциялық емес акционерлік қоғамның атауы «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті» болып өзгертілді.

Контингент, қабылдау, бітіру (2024-2025 оқу жылы)

Білім алушылар контингенті 8372 адамды құрайды, оның ішінде 7884 бакалавриат пен специалитетте, 421 магистратурада, 67 докторантурада білім алуда. 2024-2025 оқу жылына қабылдау 2689 талапкерді құрады (бакалавриат – 2513, магистратура – 155, докторантура - 21), күтілетін түлектер саны - 2420 адам.

Шетелдік студенттер

Университетте 58 шетелдік студент білім алуда. Оның 54-і ТМД елдерінің азаматтары, 3-еуі Германия және 1-еуі Моңғолия азаматы.

Білім беру бағдарламалары

Кадрларды даярлау «Білім туралы» Заңға сәйкес 143 білім беру бағдарламасы (ББ) бойынша «бакалавр(маман)-магистр-философия докторы(PhD)» үш деңгейлі моделі бойынша жүзеге асырылады. Оның ішінде 70 бакалавриат бағдарламасы, 52 магистратура бағдарламасы және 21 докторантура бағдарламасы бар. Белсенді бағдарламалар саны – 106, жаңасы – 22, инновациялық – 15.
Білім беру бағдарламаларын жұмыс берушілердің өкілдері кіретін академиялық комитеттер әзірлейді. Университетте кадрлар даярлау бағыттары бойынша 27 академиялық комитет құрылды, оған 55 ұйымнан 64 өкіл енді. Жұмыс берушілердің міндетіне ББ әзірлеу кезеңінде мақсаттарды, құзыреттерді, оқыту нәтижелерін және түлек моделін бірлесіп қалыптастыру, сондай-ақ пәндер тізімі мен мазмұнын келісу кіреді.
Білім беру бағдарламаларын мониторингілеу, бағалау және жетілдіру процестеріне институт директоры/декандар мен кафедра меңгерушілері жауапты, ал жұмысты тіркеуші кеңсесі мен білім беру бағдарламалары бөлімі үйлестіреді.

Түлектерді жұмысқа орналастыру

Түлектердің кәсіби дамуы табысты мансап үшін қажетті дағдыларды, білім мен құзыреттерді дамытуды қамтиды. Қазақстан Республикасында жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес 2023 жылғы желтоқсанда мансап және жұмысқа орналастыру орталығы базасында «апгрейд» орталығы құрылды. Орталық жұмыс берушілермен серіктестікті кеңейтуді үйлестіреді, бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін, ашық есік күндерін ұйымдастырады, сондай-ақ түлектерге арналған тәжірибелі әріптестермен кездесулер өткізеді.
2024 жылғы түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 84,1%-ды құрады.

Профессор-оқытушылар құрамы (ПОҚ) туралы ақпарат

Университетте келесі ПОҚ лауазымдары енгізілген: кафедра меңгерушісі, профессор, профессор ассистенті, қауымдастырылған профессор (доцент), аға оқытушы, оқытушы, әскери кафедра бастығы және оқытушылары. Ұйым стандарты ПОҚ лауазымдарына қойылатын білім, ғылыми дәреже, жұмыс тәжірибесі мен педагогикалық құзыреттілік бойынша ең төменгі талаптарды айқындайды.
Сонымен қатар, кәсіби стандарт талаптарына сәйкес ПОҚ лауазымдарына қабылдау конкурстық негізде жүзеге асырылады. Оқытушылардың кәсіби құзыреттілігіне, ғылыми жетістіктеріне, инновациялық әдістермен жұмыс істеу тәжірибесіне баса назар аударылады.
Оқу жұмысы мен педагогикалық жүктемені жоспарлау ережелері қайта қаралды, оқыту тиімділігін бағалау критерийлері жаңартылды. Оқытушылардың кәсіби деңгейін үздіксіз арттыру курстары бекітілген. Жаңадан қабылданған оқытушылар үшін бейімделу курсы әзірленді.
Оқу-тәрбие процесін жоғары білікті ПОҚ жүзеге асырады. Дәріс оқу үшін отандық және шетелдік жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардан ғалымдар мен үлкен тәжірибесі бар мамандар шақырылады.
Университет штатында 465 оқытушы жұмыс істейді, оның 192-сінің ғылыми дәрежесі бар (14 ғылым докторы, 137 ғылым кандидаты, 41 философия докторы (PhD)).

Құрылымдық бөлімшелер

Университет құрылымына әкімшілік-басқару, оқу-тәрбие, ғылыми бөлімшелер, сондай-ақ Ө. Сұлтанғазин атындағы педагогикалық институт, Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар факультеті, Экономика және құқық факультеті, Машина жасау, энергетика және ақпараттық технологиялар факультеті, Ауыл шаруашылығы ғылымдары факультеті кіреді.
Оқу процесі 29 кафедра мен әскери кафедра арқылы қамтамасыз етіледі. Педагогикалық институтта – 9 кафедра, Экономика және құқық факультетінде – 4 кафедра, Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар факультетінде – 5 кафедра, Ауыл шаруашылығы ғылымдары факультетінде – 5 кафедра, Машина жасау, энергетика және ақпараттық технологиялар факультетінде – 6 кафедра жұмыс істейді.

Материалдық-техникалық база

Университет инфрақұрылымы жалпы ауданы 90 000 шаршы метрге жуық ғимараттар мен құрылыстарды қамтиды. Олардың қатарында 7 оқу-зертханалық ғимарат, «Білім орталығы» ғылыми кітапханасы, Smart-орталық, Қолданбалы биотехнология ғылыми-зерттеу институты, оқу-өндірістік шеберхана, 3 жатақхана, спорт нысандары желісі, студенттік тамақтану комбинаты, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығы мен мұражай кешені бар. Зертханалар саны – 53.
«Arta Synergy Workflow» электрондық құжат айналымы жүйесі енгізілген.
Оқу процесін автоматтандыру «Platonus» АЖ арқылы жүзеге асырылады.
Оқу-әдістемелік қолдау үшін «Moodle» қашықтықтан оқыту жүйесі қолданылады.
Емтихандарды онлайн өткізу үшін «OES» прокторинг жүйесі енгізілген.
Жатақханаға орналасу үшін өтінімдер «Platonus» жүйесі арқылы онлайн қабылданады.
Қордағы офицерлерді 5 мамандық бойынша дайындайтын әскери кафедра жұмыс істейді.
2024 жылы университеттің зертханалық базасы 1 миллиард теңгеге жуық сомаға жаңартылды.

Халықаралық ынтымақтастық

2024 жылы қол қойылған халықаралық келісімшарттардың жалпы саны – 25. Осы жылы университеттің 8 қызметкері «500 ғалым» бағдарламасы бойынша шетелдің жетекші университеттерінде ғылыми тағылымдамадан өтті; университет 14 шетелдік ғалымды қабылдады. Академиялық ұтқырлық аясында 29 студент шетелге барып оқыды, ал университет 18 шетелдік студентті қабылдады.
Қазіргі уақытта Minnesota Morris университеті, Қазан федералды университеті, Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университеті, Витаутас Ұлы университетімен бірлескен 9 қос дипломды бағдарлама жүзеге асырылуда.

Аккредиттеу

Университет еуропалық білім беру кеңістігіндегі сапаны қамтамасыз ету стандарттарына (ESG-2015) сәйкес сыртқы сапаны бағалау процедураларынан мерзімді түрде өтіп тұрады.
Нәтижелері университеттің ресми сайтында жарияланады.
2024 жылдың мамыр айында институционалдық аккредиттеу және 56 білім беру бағдарламасы бойынша мамандандырылған аккредиттеу алынды.
Же желтоқсанда педагогикалық институттың 17 бағдарламасы аккредиттелді.

Білім беру қызметі

Университеттің білім беру қызметі 2023 жылғы 7 қарашадағы № KZ41LAA00035547 бас лицензия негізінде жүзеге асырылады.
Оқу процесін цифрландыру аясында барлық білім беру бағдарламаларына «Жасанды интеллект негіздері» пәні енгізілді.
Педагогикалық білім беру мазмұнын күшейту мақсатында «Мектепке дейінгі оқыту» және «Бастауыш сыныпта оқыту» бойынша инновациялық бағдарламалар әзірленді.
Аймақтың өндірістік секторы үшін мамандар даярлау сапасын арттыру мақсатында «Колледж-ЖОО» жобасы іске қосылды, бұл колледж түлектерінің оқу мерзімін 2 жылға дейін қысқартуға мүмкіндік берді.
Дуальды оқыту 2024-2025 оқу жылында 38 бағдарлама бойынша жүзеге асырылуда, СарыарқаАвтоПром, ССГПО, KamLitKZ, KIA Qazaqstan және Агромашхолдинг KZ сияқты серіктестермен 1230 дуальды оқыту келісімшарты жасалды.
Ерекше білім беруді қажет ететін студенттерді қолдау мақсатында 2023 жылы Инклюзивті білім беру орталығы құрылды.

Ғылыми қызмет

Университеттің ғылыми-зерттеу жұмыстары экономика, өсімдік шаруашылығы, ветеринария, биотехнология, IT-технологиялар, археология және педагогика бағыттарындағы ғылыми мектептер тарапынан жүргізіледі.
2024 жылы университетте 20-дан астам халықаралық конференциялар мен дөңгелек үстелдер өтті. ПОҚ өкілдері 9 докторлық (PhD) диссертация қорғады. Қазіргі уақытта жалпы сомасы 1,5 миллиард теңгеден асатын 16 ғылыми жоба орындалуда.

Тәрбие жұмысы

Тәрбие жұмысының мақсаты — студенттерді рухани-адамгершілік құндылықтарға тарту, олардың өзін-өзі жан-жақты көрсетуін қолдау және бәсекеге қабілетті тұлғаның қасиеттерін дамыту.
Тәрбие жұмысының жоспары А. Құнанбаевтың 180 жылдығын, М. Дулатовтың 140 жылдығын, университеттің 85 жылдығын және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеуге бағытталған.
Студенттік Парламент, 5 бағыттағы волонтерлік топтар мен қайрымдылық балдары студенттердің өзін-өзі басқаруы мен белсенділігінде басты рөл атқарады.

Жетістіктер

Университет аймақтың агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бойынша 4 миллиард теңгелік ірі ғылыми жобаны жеңіп алды (2024-2026 жж.).
Университет халықаралық «Erasmus+» жобаларын табысты жүзеге асыру бойынша көшбасшы атанды.
Қазан федералды университетімен (Машина жасау) және Оңтүстік Кореяның Донг-Эуи университетімен (Автомобиль өнеркәсібі инжинирингі, KIA Qazaqstan-мен бірлесіп) қос дипломды бағдарламалар іске қосылды.
Университет базасында Король Седжон атындағы корей тілі мен мәдениеті институты ашылды.
2023 жылы Smart-орталық базасында Qostanai Hub (Astana Hub филиалы) ашылып, 2024 жылы 70-тен астам IT-іс-шара өткізді.